• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
17 Шілде, 2017

Кісілік пен кішілік

3340 рет
көрсетілді

Ойға кемел, сөзге берен қазақтың Қадыры (Мырза Әлі): «Кісілік кісі таңдамайды. Ол қой бағып жүрген қатардағы қазақтан бастап, ел басқа­рып жүрген елеулі азаматтарға дейін, бір де біреуін жатырқамайды. Иә, жа­тыр­­қамайды. Бірақ ол екінің біріне бұй­ырмайтын, адамның адамына ға­на, соның жүрегіне ұя салатын қым­бат қасиет... кісіліктің қадір-қасиетін тү­сіну үшін пенделік, тіпті, иттік ха­қында да әңгіме айтуға тура келеді», дейді.

Шынында, осы кісілік пен кішіліктің жайы бүгін де ойландырмай қоймайды. Атам қазақ кісілікті неше құбылтып айтқан. Кекесінді білдіретін кейіппен де, риза болғанда шын ниетпен де айтқан. Өйткені, жайқалтады деген нарықтың қилы-қилы «қызықтары» кей кезде кісіліктің құнын құлдыратып жіберген секілді. Адамдар бір-бірінің көзін бақырайтып қойып алдап кетуге, ішінде ит өліп жатса да, сыртын көлгірсітіп мақтай салуға, бермесе де сөзбен мырза атануға, қалтасы қалың болғанмен, былайғы жұртқа қырын қарап, есеп түгендер сәтке келгенде Еділ мен Жайықтай «тұнып» ағып, тұңғиық сыр тартуға бейім кейіп танытып, ыңғайы болып жатса шымшып буған қаптың аузын шешіп жіберуге, несін айтасыз, мың құбылуға дайын тұратыны анық. Бұл адамға тән кісілікті кемітіп, бәрін заман деген абстрактілі ұғымға теліп, «жан бақпақ парызға» ысырудан болып жатқан жоқ па екен? 

Әрине, өмір сүріп жатқан қоғамы­мыздағы кейбір солақайлықтан сықиған сылтаулар тізіп «солай болып тұрса қайтеміз, басқа амал қайсы» дейтін тұстар да жоқ емес. Бірақ ұлт ісіндегі бас­ты мәселе ұрпақ тағдыры екенін ескере бермейтініміз бар. Содан келіп кішілік жасар ұл-қыздың біраз толқынының қатыгез болып қалыптасуына «жол ашқанымызды» бүгіп қалу күнәдай көрінеді. Мұның арғы жағынан  «На­мыс­ты нанға сатып» (Бауыржан Момышұлы), кісіліктен айырылып қалмадық па деген ой мазалайды. Бұлай болған жағдайда кейінгі жастан кісілік пен кішілікті сұрауға бола қояр ма екен?! 

Осы уақытқа дейін алдыңғы толқын жоғалтып алған кісілігімізді Кеңес дәуі­рінің кесапатына ысырып, ақталып кел­дік. Енді азат елміз. Ел иесі, ұлттардың ұйыт­қысына айналған қабырғалы халық­пыз. Ендеше, әлгіндей әттеген-айла­рымызды енді кімнен көреміз? Біз­дің қырық құбылған мінезіміздегі «кісі­лігі­мізді» көрген кейінгі ұрпақ «бұ­ларыңыз қалай?» демесіне кім кепіл бола алады?

Осы күні кісі кім десе, адамдардың жандүниесіндегі мөлдірлікті, адалдықты теңшеп – осы кісі деу азайды. Кімнің қолы майлы, көңілі жайлы болса, кім қызметте отырса – соны кісі деп бағалап, табаны тайса, кісі дегенді естен шығарып, «кісімсіп» қалатынымыз да рас. Сөйтіп, кісілік пен кісімсуді де шатастырып алдық. «...Ол отырған орнына қарай үлкен де, кіші де көрінген емес», депті қарасөздің қас шебері Ғабит Мүсірепов – екі рет министр, екі рет облыстық, бір рет республикалық партия комитетінің хатшысы болған  ұлт жақсысы Ілияс Омаров туралы. Осы бір сөздің түп тамырында кісіліктің келбеті жатқаны анық. Үлкен қызмет істесе де сол Ілияс Омаров кісіліктен де, кішіліктен де танбаған екен. 

Ал сондай беделді лауазымға ие болмаса да, шағын ортаға ие бола қалса, не қалтасы томпайса тоңмойындық танытатындар осы күні азаюдың орнына, көбейіп бара жатқандай ма, қалай? Оның үстіне олардың төңірегіндегі көмекшісі, тағы басқасы әлгінің кішілігі мен кісілігіне көп жағдайда нұқсан келтіретінін аңғару қиын емес. Мәселен, ол азаматты көру былай тұрсын, сөзіңді жеткізе алмай «қор» боласың. Кісілік мұндайда үлкейе қоймайды, кішіреймесе. Кішірейгенді үлкейту – әркімнің зердесіне, зейініне байланысты.

Иә, кішілік пен кісіліктің не екенін ұға қоймайтын жастар шоғыры кейде шошындырады. Олар кішілік пен кішіпейілділік адамды зорайтпаса, төмендетпейтінін де ұға қоймайды. Өйткені, ондайлардың, әсіресе, төрт құбыласы түгелдердің ұл-қызына кісілік пен кішілікті түйсіндіру қазір қиынның қиыны. Кісілік пен кішілікті жандүниесіне серік еткендер қарабайыр емес, қа­рапайым жүреді. Төңірегіне елеусіздеу көрінер. Бірақ жандүниесі – бөлек, ой-санасы – таң нұрындай таза, сөзі – жауһардай жарқырап тұрады. Ондай адам биік қызмет істемей-ақ, дәулеті асып-төгілмей-ақ топты жарып тұрады. Оны алғашында түсінбей шіренгендердің өзі кейін «кемдігін» мойындайды. Ойлы жас қызыға қарайды, ойсыз жас көзін алартып, танауын таңырайтады.

Кісілік пен кішілік туралы сөздің басын көзін көріп, жырын тыңдаған Қадыр ағамыздан бастап едік. Түйінін де ақын байламымен түйгенді жөн көрдік: 

«...кісілік туралы әңгіме бір күннің ғана проблемасы емес – мәңгілік проблема. Бір емес, бірнеше мәрте оралып соғатын әңгіме... Рас, жылдар өткен сайын күрделеніп, адамдардың өздері өзгеріп барады. Бірақ қанша өзгерсе де, қанша құбылса да кісілік жоғалып кете қоймас. Тек соны әркім қатардағы қарапайым адамнан бастап... қалың ел түгел түсінуі тиіс». Бұған не алып-қосуға болады?!

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»